«Естіп, төбе шашым тік тұрды»: әлемжеліде Оқу-ағарту министрі өткір сынға ілікті

Qaz365.kz редакциясы

Білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжан министрді қатаң сынға алды

1-фото: kazbilim.kz; 2-фото: smi24.kz

Әлеуметтік желіде Оқу-ағарту министрінің жиындардың бірінде сөйлеген сөзін білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжан қатаң сынға алып, Ғани Бейсембаевты «марапат пен аттестацияның екі бөлек нәрсе екенін ажырата алмайтын министр» деп атады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Автоматты түрде наградаларды беріп отыратын боламыз. Мысалы, мектептерде былай шешілді – ол колледждерде де солай болады: модератор алған адам бірден министрдің Алғыс хатын алуы керек. Сарапшы болсаң, Құрмет грамотасы бар. Еңбек қой енді ол. Еңбектерімен жетіп отыр ғой. Ары қарай егер зерттеуші болса, Білім жүйесінің құрметті қызметкері атағын алуы тиіс. Мастерге жеткен адамға автоматты түрде Алтынсарин медалі табысталуы керек», – дейді жиындардың бірінде министр.

Аятжан Ахметжан Оқу-ағарту министрлігі «медаль жасайтын цех пен Алғыс хат басатын полиграфия ашып алған ба?» деп қынжылады.

«Мынадай сөз айту үшін… Қоғамды марапатпен алдап, атаққұмарлыққа тәрбиелеуді доғарудың орнына мектепке апарайын дедіңдер ме? Мынаны естіп, төбе шашым тұрып кетті… Не масқара мынау?! 50 мың Алтынсарин, 100 мың құрметті қызметкер таратасыңдар ма? 500 мың мұғалімге марапат тарату.  Әй, бірдеңе дейін десем, Әділ Сайлаубек (бұған дейін министрді қолдап пост жазған мектеп директоры) айтқан субординация бұзылып кете ме деп, Әділден ұялып отырмын», – дейді Аятжан Ахметжан.

Сарапшы «марапат пен аттестацияның екі бөлек нәрсе екенін ажырата алмайтын адамның министр болғанын да көрдік-ау» деп те жазады.

«Тағы не көрсетесің оо, қатал тағдыр! Монтажды өтірік деңдерші құдай үшін! Бұлай істеу масқара!» – дейді ол.

Аятжан Ахметжанның постын қолдап пікір жазып жатқандар бар. Мәселен, журналист Ерболат Мұхамеджан “тарихта медаль таратумен аты қалатын министр деші... Нашар министр деп есептеймін. Салаға обал. Ұят осындай деңгейдегі министрдің отыруы” деп сынайды.

“Мынау білім беретін емес, медаль тарататын министрлік секілді ғой” дейді Ербол Бейілхан.

Еске сала кетейік, бұған дейін бір топ мұғалім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Парламент Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошановқа Ашық хат жазып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты отставкаға жіберуді сұраған еді

«Жалпы кез келген министрді тағайындау немесе отставкаға жіберу Президенттің қолында» деді бұл хатқа жауап берген министр.

Білім саласындағы олқылықтар жайлы көзқарасын білдіргені үшін бір жылда 3 рет сот отырысына шақырту алған Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы «министрлік мені «әлеуметтік желіде ұлтаралық араздықты қоздыратын жазба қалдырдың» деп айыптап отыр» дейді. Оның сөзінше, шағымды Шымкент қаласы Полиция департаменті қараусыз қалдырған. Қазір Жетісай ауданы Әл-Фараби атындағы мектептің басшылығы жала жапты деп айыптап сотқа берген.