Неліктен пәктікті анықтау үшін тексеру жүргізілді - Саясат Нұрбек “ҚазҰУ тізіміне” қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Тізімде пәк қыздың  медициналық анықтамасын көрсететін «Virgo» деген жазу болған

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқитын студенттердің жеке деректері таралып кеткен болатын. Оның ішінде медициналық жеке деректері де бар. Бұл қоғамда резонанс тудырды. Бүгін Мәжіліс отырысына келген  Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҚазҰУ басшылығы не себепті қыздардың пәктігі жайлы мәліметтерді жинағанын түсіндіріп бере алмады, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

«Медициналық орталық қызметкері студент қыздарға арналған қосымша медициналық ақпарат бар жолдарды құжаттан алып тастамаған. Ал деканат қызметкері де бұл деректерді алып тастау керегін білмей немесе маңызды деп санамай, тізімді таратып жіберген. Тізімді алып, куратормен бірге бүкіл деканатқа «осы студенттердің флюрографиядан өтуін қамтамасыз етіңіздерші» деген өтінішпен таратқан. Міне, енді осы жерде ең маңыздысы басталады. Неліктен пәктікті анықтау үшін тексеру жүргізілді? Шын мәнінде, бұл белгіленген студенттер маманның, гинекологтың тексеруінен өткен не өтпеген студенттер. Яғни, мәселе пәктікті анықтауда тұрған жоқ, тек гинекологтың тексеруінен өту қажет болған. Олар мұны медициналық түрде өздерінің тізімінде белгілеген. Яғни, бұл жерде бірден екі қате болып отыр. Медициналық орталық мұндай форматта ақпаратты жібермеуі керек еді, деканат та оларды тексеруі керек еді», – дейді Саясат Нұрбек.

Тізімде пәк қыздың  медициналық анықтамасын көрсететін «Virgo» деген жазу болған. Тілшілер министрге осыны есіне салған еді.

Тағы оқыңыз: Трайбализм, айлыққа қатысты шағым мен кеткісі келмейтін профессорлар: ҚазҰУ жиі айтылатын сынға қалай жауап берді

Саясат Нұрбек  университетте студенттер арасында «Virgo»  мәртебесін анықтау үшін сауалнама жүргізілгенін атап өтті. 

«Тергеудің түпкілікті нәтижесін күтейік, ал судья мұны бағалайды. Дербес деректер жарияланғаны анық. Мұны мойындап, жазалау керек. Бұл анық құқық бұзушылық», – дейді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бүгін Алматы прокуратурасының нұсқауымен жеке деректерді тарату бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Бұған  дейін Telegram-арналардың бірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерінің медициналық жеке деректері тарап кеткені туралы ақпарат пайда болған еді.
Тараған ақпаратта студенттердің аты-жөні, ЖСН, байланыс нөмірлерінен бөлек, кейбір медициналық қорытындылар да жазылған.

Белгілі болғандай, бұл тізімді студенттер флюрографиядан өтсін деп механика-математика факультетінің деканатына жеке медициналық орталықтың маманы жолдаған екен.