Заң бойынша кінәлілер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Екібастұз қалалық ауруханасының дәрігері мен медбикесіне шабуыл жасаған үш ер адам ұсталды. Бұл туралы Павлодар облыстық Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға 12 сәуір күні таңертең болған, алайда оның егжей-тегжейі енді ғана белгілі болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, бір ер адам екі мас досының сүйемелдеуімен травматологиялық пунктке көмек сұрап келген. Тексеру кезінде бірге келген достары өздерін өрескел ұстап, дәрігердің ескертуіне агрессиямен жауап берген. Олар бөлмеден шығудан бас тартып, дәрігерді соққыға жыққан. Жанжалға араша түспек болған медбике де дене жарақатын алған.
Қазіргі уақытта жарақат алған медицина қызметкерлері ауруханаға жатқызылды. Үш күдіктінің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал үшіншісі полиция күзетімен арнайы палатада жатыр. Тәртіп сақшылары аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.
Айта кетейік, биылғы 7 наурыздан бастап Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 380-3-бабы күшіне енді. Бұл бап медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану немесе қоқан-лоқы көрсету үшін арнайы жауапкершілікті қарастырады. Заң бойынша кінәлілер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.