Қостанайда ҰҚК үш бірдей криминалдық полиция қызметкерін ұстады

Qaz365.kz редакциясы
Фото: ҰҚК

Қостанай облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында криминалдық полиция қызметкерлері ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz Tobol Info сайтына сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылғы 17 наурызда Қостанай облысы бойынша ҰҚК департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мен полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы бірлесіп жүргізген жедел шаралар барысында Рудный қалалық криминалдық полиция бөлімінің үш қызметкері ұсталған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігі бойынша (алдын ала сөз байласу арқылы ірі көлемде немесе бірнеше рет бопсалау жолымен пара алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Қостанай қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

Аталған баптың санкциясы бойынша кінәлі деп танылғандарға ірі көлемде айыппұл салу немесе мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.