Талдықорған білім бөлімі экс-басшысының денесі өзеннен табылды

Qaz365.kz редакциясы

Роза Барманованың денесін судан балықшылар алып шыққан

Кеше кешқұрым жергілікті балықшылар Қаратал өзенінен әйелдің денесін алып шығып, полицияға хабар берген. Құқық қорғаушылар ол әйелдің Талдықорған білім бөлімінің бұрынғы басшысы Роза Барманова екенін танып қойған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тексергеннен кейін әйелдің денесі Талдықорғандағы мәйітханаға жеткізілді. Өлімге не себеп болғаны анықталып жатыр.

«Денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Қаратал өзенінен табылды. Факт қала полициясында ресми түрде тіркелді. Тиісті тексерулер бекітілді. Сот-медицина сараптамасы тағайындалды. Өлімге не себеп болғаны анықталады», –  деп хабарлайды ведомство.

Роза Барманова қалалық білім бөлімін 2013-2022 жылдар аралығында басқарған. Оның орнын кейін Жандос Жолдыханов басқан еді. Жолдыхановтың өзі 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілініп отыр. Сот шешімімен ол қамауға алынған.