Абай облысындағы өрт: жоғалып кеткен тракторшының денесі табылды

Qaz365.kz редакциясы

Онымен байланыс 9 маусым күні үзілген болатын

Абай облысында өрт кезінде жоғалып кеткен Далон орман шаруашылығының тракторшысы Сергей Архиповтың мәйіті табылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Абай облысының полицейлері 10 маусымда хабар-ошарсыз жоғалып кеткен Бесқарағай ауданы Долон ауылының тұрғыны Сергей Николаевич Архиповтың іздеу іс-шараларын жүргізу барысында, өртті сөндіру орнынан 50 шақырым жерде зорлық-зомбылықпен өлімнің сыртқы белгілері жоқ, өрт сөндіруге қатысы жоқ, күйік шалмаған мәйітін тапты.

Ер адамның денесі қызметтік иттің көмегімен табылды. Ол Абай облысы ПД-нің кинологиялық есебінің құрамында жұмыс барысында сигнал беріп, трактор табылған жерден орман жолағына дейін ер адамның жолымен жүрді.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданатын болады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің деректері жария етілуге жатпайды.

Еске салайық, 9 маусымда Сергей Архипов тракторымен өртті сөндіруге көмектесу үшін Қаштақ ауылына барған. Сол күні онымен байланыс үзілген.