Жалған құжаттың кесірінен 380 қажы далада қалды – ҚМДБ  мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

Zam Zam store (Zam Zam Qazaqstan) компаниясының директоры Илиев Даниярды «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деген жала жапқаны үшін сотқа береді

muftyat.kz

«Zam-Zam Qazaqstan» компаниясы қажыларды далада қалдырды. Осыған байланысты ҚМДБ мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін «Zam-Zam Qazaqstan» (заңды атауы Zam Zam store) компаниясының қажыларға қызмет көрсетуге қатысты тиісті лицензиясы, мүфтият жариялаған осы жылы ресми қажылық орындарын алған туроператорлар тізімінде жоқ екенін, аталған фирманың қызметіне мүлде жүгінбеу туралы бірнеше рет дабыл қағып, мәлімдеме жариялаған.  Сонымен қатар мүфтият қажыларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталмыш «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсіріп үлгерген.

Тағы оқыңызСапар құны - 2,5 млн теңге: Қажылыққа аттанған бір топ қазақстандықты туркомпания алдап кеткен

«Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа әкелген аталмыш компания жетекшісі Илиев Данияр заң алдында жауап беру тиіс деп санаймыз. Қолдан жасалған қажылық визаларын пайдаланған аталған компания өкілдері шариғат пен заңға қайшы әрекеттерінен әлі күнге дейін тыйылмай келеді. Олар шариғат пен заңды белден басумен қатар «мүфтият қажылық квотасын сатады, пара алады» деп жала жабуын доғармай, енді ҚМДБ «жалған қажылық квоталарын» жасады деп жала жабуда. Өз кезегінде, жалған қүжаттарды жасап заңсыз жолмен қажылыққа азаматтарымызды апарған аталмыш туркомпания директоры мен басқа да жауапты өкілдеріне құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша неге тиісті шара қолданбайды деген сұрақтар мен шығымдар жәбір көрген  қажылардан және олардың туыстарынан ҚМДБ-ға келіп түсуде», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының осы мәселеге назар аударып заң бұзушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті заңды шаралар қолдануы керек деп санайды.

«Zam Zam store (Zam Zam Qazaqstan) компаниясының директоры Илиев Даниярды «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деген жала жапқаны үшін сотқа береді», - делінген хабарламада.

Тағы оқыңызЖалған визамен қажылыққа аттанған қазақстандықтар Алматы әуежайында кедендік бақылаудан қалай өтіп кеткен

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорлар қызметіне жүгіну қажет екенін ескертеді.