Құқық қорғаушы Өскемендегі әлімжеттіктің жантүршігерлік жайттарын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Қазіргі кезде бірнеше сот отырысы өтті

Facebook / Dina Tansari

Сәуір айының басында Өскеменде сауда орталықтарының бірінде жасөспірім қыздардың өз қатарласын ұрып-соққан, тізерлеп отырғызып, шешіндірген видеосы тараған болатын. Қазіргі кезде бірнеше сот отырысы өтті. «Не Молчи» қорының директоры, құқық қорғаушы Дина Таңсәрі осы іске қатысты жантүршігерлік оқиғаларды жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz .

«Өскеменде қоғамда резонанс тудырған іс бойынша 7 отырыс өтті. Судья 13 томға жиналған істі зерделеуде. Сотта жәбірленушіге қатысты аса ауыр қылмыс дайындап жатқан тұрақты қылмыстық топтың құрылғанын көрсететін жан түршігерлік жайттар ашылып, расталды.  Бұл туралы жарты қала хабардар. Жастардың көбі біледі. Бірақ олар күдікке ілінген қыздардан қорқады. Сондықтан куәгер болғысы жоқ. Ал сот шешімі шыққан соң, шындықты айтатындар көбейері анық», – дейді Дина Таңсәрі. 

Ол сот отырысы неліктен жабық режимде өтіп жатқанын енді түсіндім дейді. Өйткені ұрған қыздың анасы қалалық білім басқармасында істеген кезде педагогтар мен директорлардың аттестациясын қабылдаған. Сол кезде талай былық-шылықтар болған. Ұстаздар шындықты айтудан қорқатын көрінеді. 

«Мұны естігенде бірден жай ғана бұзақылық емес, ұйымдасқан қылмыстық топ екенін жаздым. Сот ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде жазалауы тиіс. Біріншіден, бұл  білім басқармасы қызметкерінің қызы басқаратын 14 адамнан тұратын нағыз тұрақты топ. Тергеуші аталған топ туралы білген. Алайда  ол қылмысты жасырған және енді аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін жазалануы керек», – дейді құқық қорғаушы.

Ол екіншіден, ұйымдасқан қылмыстық топ аясында бір емес, бірнеше қылмыс болғанын да айта кетті. Топ мүшелері қыздардың телефондарын тартып алып, оны өткізетін базарда бутиктері болған.  Сотта осыған қатысты екі факті расталыпты.  

Сонымен қатар оның айтуынша,  жәбірленуші Анельге қатысты аса ауыр қылмыс жоспарланған көрінеді. Яғни зорлап, сосын оны видеоға түсірмекші болған. Telegram-да  «Тема», «Свои» теген топтар құрылған. Топтағы 14 адамның әрқайсысының өзіндік рөлі болған. 

«Топтың көшбасшысы – білім басқармасы қызметкерінің қызы. Анасының беделінің арқасында қылмысты жауып үйреніп алған. Барлық айыпталушылар аталған топтың бар екенін және бұл қылмысты жоспарлағанын мойындады. Ішінде біреуі пәтер жалдап, ішіне камера қоюуға тиіс болған. Ал екіншісі Анельді пәтерге алдап әкелуге тапсырма алған. Сосын үшіншісі зорлайтын жігіт іздеген. Кемі екі жігіттің бұл жайттан хабары бар. Біреуі сотта куәгер болды. Оған ұсыныс жасалғанын, бірақ бас тартқанын айтты. Себебі, Анель кішкентай болғандықтан ондайға бармадым деп отыр. Дегенмен, бірде-біреуі осындай ауыр қылмыс жоспарланып жатқанын полицияға хабарламаған», – дейді Дина Таңсәрі.

Оның айтуынша, сот шешімі 5 шілдеде шығуы тиіс. 

Айта кетейік, ұрып-соққан оқушының бірінің анасы Өскемен қалалық білім бөлімінде кадр бөлімінің басшысы болып қызмет еткен. Өскемен қалалық білім бөлімі басшысы Сәуле Алагөзова сәуір айында оның қызмет кеткенін мәлім етті. Әкесі Антикорда істейді деген ақпарат та тараған. Бірақ ол жағы расталмады. Кейіннен мәлім болғандай, қыздың әкесі мектептердің бірінде күзетші болып істейді.