7 адам қаза тапты. Түркиядағы тау шатқалында автобус аударылды

Qaz365.kz редакциясы

22 адам жарақат алған

Түркияның шығысындағы Карс қаласында жолаушылар автобусы аударылып, 7 адам қаза тапты. Сонымен қатар 22 жолаушы жарақат алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Түркияның NTV арнасы мәлім етті.

Turgut Reis компаниясына тиесілі жолаушылар автобусы Бурса – Карс арасында қатынайды. Автобус  Эрзурум-Карс тас жолының Сарыкамыш ауданы Қарақұрт ауылының кіреберісінде қоршауда аударылған.

Хабарлама бойынша оқиға орнына медицина, өрт, AFAD және жандармерия топтары жөнелтілді.

Алдын-ала мәлімет бойынша автобус 50 метрге құлаған. Сол жерде 7 адам қаза тауып, 22-сі жарақат алған. Жедел жәрдем көліктері адамдарды Эрзурум мен Карс ауруханаларына жеткізді. Ал жағдайы аса ауыр жолаушыларды тікұшақпен Эрзурумға апарды. 

Карс пен Эрзурум арасында құрылысы аяқталған Қарақұрт-Хорасан жолының Ташлы Гүней-2 виадукты ( тау аңғарының үстінен өту үшін салынған көпір) 2022 жылы 7 қарашада аяқталып, пайдалануға берілген. 
Виадуктың ұзындығы 574 метр, биіктігі 120 метр.

Айта кетейік, бұған дейін Аланияда қазақстандық туристер мінген автобус апатқа ұшырағанын жазғанбыз.