Қарағанды облысында балалар жаппай уланып, бір бала қайтыс болды

Qaz365.kz редакциясы

Тағы алтауы жансақтау бөлімінде жатыр

Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланды. Бір бала қайтыс болды, тағы алтауы жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

30 шілдеде Орталықта екі баланың денсаулық жағдай нашарлаған. Олар құсып, іші өткен. 31 шілдеде осы мекемедегі тағы 10 балада ұқсас белгілері бар дерт анықталып, ауруханаға жатқызылды.

«Дәрігерлер жедел шаралар қолданғанына қарамастан балалардың бірі қайтыс болды. Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда. Қалғандары дәрігерлердің бақылауында», – деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ауруханаға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев келді. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен және емдеуші дәрігерлермен жедел кеңес өткізді.

Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Қылмыстық іс қозғалды және Қарағанды облысының арнайы прокурорлар басқармасына берілді.

Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалар анықталып, қатаң жазаланатынын атап өтті. Мекеме директорының міндетін атқарушы атқаратын қызметінен шеттетілді.