Қарасай ауданында тағы бір оқушы өз-өзіне қол жұмсады

Qaz365.kz редакциясы

Оқушының телефоны әлі табылмаған

© Sputnik / Тимур Батыршин

Алматы облысы, Қарасай ауданында тағы бір бала өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл туралы  Qaz365.kz тілшісі сенімді дереккөзіне сілтеме жасап хабарлайды. 

«Биылғы жылдың 2 тамызында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жамбыл ауылындағы №2 мектептің оқушысы С.А. өз-өзіне қол жұмсады. Ол биыл 10 ә сыныбын бітіріп, 11-сыныпқа көшкен болатын. Баланы алдымен әпкесі көріп, шешіп алған. Ата-анасы тойға кеткен. Оларды жолдан қайтарып, полицияға хабар берген.  Бұған дейін де 7-сыныпта оқитын С.М. есімді оқушы үйінің алдында бассейнге секірем деп өмірден өтті. Ол 19 шілдеде қайтыс болды. Анасы 5 минуттың ішінде бассейн қанға айналды деп отыр. Бірақ бассейнде басына тиетін тас ештеңе жоқ», - дейді ол. 

Бізге сұхбат берген азамат 2 тамызда суицид жасаған оқушының оқу-үлгерімі орташа болатын деп отыр. Әлеуметтік жағдайы жақсы екенін айтады. 
Оқушының телефоны әлі табылмаған. Іздестіріліп жатқан көрінеді.
Қарасай ауданында жыл басынан бері бірнеше бала суицид жасаған. Қаңтар және наурыз айларында Қосынов орта мектебінде екі суицид тіркелсе, қаңтар айында Қарасай мектебінің бір оқушысы өзіне қол салған. Алмалыбақ орта мектебінде де өз өмірін қимақ болған бала аман қалса, Байсалбаев орта мектебінің оқушысы жарық дүниемен қоштасып жүре берген. Бейсебаев мектебінде де өз өмірін қиюға оқталған тағы бір баланың әрекеті сәтсіз болып, аман қалды.