×

Бір ауданда төрт оқиға: Алматы облысында оқушы өлімі неге көбейді

Жыл басынан бері облыста 9 оқушы өзіне қол салған

Бір ауданда төрт оқиға: Алматы облысында оқушы өлімі неге көбейді
ашық дереккөзден

Соңғы уақытта Алматы облысында оқушылардың өз-өзіне  қол жұмсауы жиілеп тұр. Полиция департаментінің мәліметінше,  2023 жыл басталғалы өңірде 9 оқушы өзіне қол салған. Екеуі Талғар ауданында болса, Жамбыл мен Іле, Кеген ауданында бір-бірден, Қарасай ауданында төрт оқиға  тіркеліпті. Күні кеше ғана Кеген ауданы Саты ауылында жан ауыртарлық жағдай болды: бір сыныптың екі бірдей оқушысы көз жұмды.  Бірі суицид жасаса, екіншісінің өлімінің  себебі анықталып жатыр. Сонымен қатар, құтқарушылар осындай «қорқынышты» әрекетке бармақ болған үш оқушыны  аман алып қалған. Бұл оқиғалар Ұйғыр, Талғар, Балқаш аудандарында тіркелді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өкінішке қарай, Орталық Азия елдері ішінен Қазақстан суицид бойынша көш бастап тұр. Ресми статистикаға сүйенсек,  2022 жылдың қаңтар-шілде айында  елімізде 2200 адам суицид жасаған болса, оның 79-ы – жасөспірімдер көрінеді.

Мамандардың пікіріне сүйенсек,  ешбір бала жайдан-жай мұндай әрекетке  бармайды. Қиындықтан  шығатын жол таппағанда, ешкім көмектесе алмайтынын сезінген сәтте өзіне осылай қиянат жасауы мүмкін.  Мұның  себептері  өте көп. Бұған әлеуметтік жағдай, достар арасындағы түсініспеушілік, ата-ана арасындағы кикілжің, тәрбиенің осалдығы әсер етіп жатады. Бала шешім шығара алмаған кезде, «мен кетсем барлық проблема шешіледі» деген теріс, жаңсақ ойға бой алдырады. 

Таяуда Қарасай ауданындағы осындай өзекті мәселенің мән-жайын анықтап, келешекте мұндай оқиғаларды болдырмау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білу үшін аудандық білім бөліміне арнайы бас сұққан едік. Аталған бөлім басшысының міндетін атқарушы Әсел Еркімбаева да проблеманың бар екенін растап отыр. 

“Қаңтар айынан бері Қарасай ауданында төрт суицид оқиғасы тіркелді. Төрт жағдай бойынша да тергеу амалдары жүріп жатыр” деген сұхбаттасымыз өзге ақпараттарды айтуға құзырлы емес екенін алға тартып, әңгіме ауанын атқарылып жатқан жұмыстарға қарай бұрды.

“Қазір  біз осы жағдайлардың алдын алу және жалпы балалардың психологиялық денсаулығын сақтау мақсатында, білім басқармасы бекіткен кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеп, іске кірісіп те кеттік. Бұл бағытта «Жанұя» қоғамдық орталығымен меморандумға отырып жұмыс істеудеміз, барлық мектептердің психологтары арнайы курстардан өтіп, сертификаттарын алды. Баламен қалай нәтижелі жұмыс істеу керек, балалардың күйзелісте жүргенін анықтап, оны одан қалай шығару керек екенін пысықтап, психологтар балалармен жеке-дара ауқымды іс-шаралар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, аудан бойынша ата-аналар мен оқушылардың әлеуметтік картасын жасадық. Бұдан бөлек орталық аурухананың әлеуметтік және психологиялық қызмет бөлімі мамандарымен мәміле жасалып, ата-аналарға консультативтік кеңестер берілуде”, – деді Әсел Еркімбаева.

Ал «мектеп басшылары, олардың орынбасарлары, педагог-психологтардың басын қосып, арнайы семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізілуде» деген білім бөлімінің жауапты өкілі аталған жұмыс барысына аудандық прокуратура және ювеналдық полиция қызметкерлері де жұмылғанын тілге тиек етті. 

Білім саласы өкілдерінің сөзіне сүйенсек, суицид тақырыбын мүлдем қозғамай алыстан айналып, тіпті сондай жағдай болғанның өзінде жарияламаған жөн. Тек құзырлы органдар жүргізген тергеудің қорытындысын күтіп, сол арқылы нені ескеру керектігін назарға алып, жүйелі жұмыстарды жандандыра түсу керек. Себебі, оның  атын атаған сайын көбейе беретінін психолог мамандар дәлелдеген-мыс.

Керісінше, БАҚ өкілдері көпшілікті сақтандыру, ата-аналарға дабыл қағып, балаларына көбірек назар аударуды насихаттап, осындай «қауіпті»  ойдың жиегінде жүрген жасөспірім болса, райынан қайтару секілді жұмыстарды атқару қажет деген ойда.

Жоғарыда келтірілген статистика бойынша, екі оқиға бір мектепте тіркеліп отыр. Ол – Әйтей ауылындағы Қосынов орта мектебі. Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушыға біз осы сауалды кесе-көлденең тарттық. Яғни, кешенді жұмыстар жүргізіліп жатса, екінші оқиға не себепті орын алды деп сұрадық.

“Мектеп – балаға оқу-тәрбие жұмысын беруші орган. Жалпы жасөспірімдер арасындағы суицид тақырыбы өте терең және оған апаратын факторлар да өте көп. Оның тек білім мекемесіне ғана қатысы болмауы мүмкін. Ол – қоғам, ол – ғаламтор, ол – баланың отбасындағы жағдайы, психологиялық ахуалы... Сондықтан, барлық жауапкершілікті мектептерге арта салғаннан гөрі бұл мәселеге қоғам болып атсалысып, болдырмау үшін күресу керек деп ойлаймын. Ал білім бөлімі тарапынан жана айтып өткендей нақты жұмыстар жүзеге асуда. Заң аясында үш мектеп директорына тәртіптік шара қолданылған”, – деп жауап берді ол.

Жоғарыда аталған факторлардың арасында буллинг те болуы мүмкін. Соңғы уақытта әлеуметтік желіде еліміздің түкпір-түкпіріндегі әлімжеттіктер туралы  бейнежазбалар тарап жатыр. Ең сорақысы – буллинг тек ұлдар арасында ғана емес, қыздар арасында да кең тарап келеді. Жақында ғана әлеуметтік желіде мектеп оқушыларының жасөспірім қызды ұрып-соғып жатқан бейнежазбасы тарады.

Білім саласының өкілі осыған орай қазір  оқушылар арасында жасырын сауалнамалар жиі жүргізіліп тұратынын айтты. Болжамды деректер анықталған жағдайда шұғыл шаралар атқарылып, мұндай  келеңсіздіктердің алдын-алуға болады.

Дегенмен, қаңтар айынан бері төрт баланың өз «өмірін» қиюына себеп болған нәрсе не? Олардың арасында ортақ байланыс бар ма, әлде жоқ па?

Бұл жағдайды жеке-жеке бағамдап көрейік:

2023 жылдың 6 қаңтарында Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылдық округінде 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Бұл оқиғаға қатысты құзырлы органдар тергеу жүргізілуіне байланысты артық ақпарат таратпайтыны белгілі. Дегенмен, біз марқұмның бір сыныптасын әңгіме тартқан едік.

Е есімді бала өте белсенді оқушы болыпты. Тіпті, мектепті «Алтын белгімен» бітіруді армандаған. Арман демекші, «өте көп қиялдайтын» дейді қатарласы. Жеке төлқұжатын алғанда есімін «Ханали» деп өзгерткісі келген. Себебі, азан шақырып қойған аты басқа болған екен, белгілі бір себептер болды ма, туу туралы куәлікке қазіргі аты жазылған. 9 сынып оқушысы химия-биология пәндерін жақсы оқып, хирург болуды, жедел жәрдемде жұмыс істеуді армандаған.  Әлеуметтік жағдайына келсек, ата-анасы ажырасқан. Бұл бала әкесімен және өгей шешесімен тұрған. Әкесі өте момын адам деседі. Бір кіндіктен туған ағасы бар, бірақ ол бөлек тұрады. «Соңғы уақытта ол өте көңілді жүретін» деп еске алған сыныптасы марқұмның діннен де хабары бар болғанын айтып қалды.

 Сол күні далаға шығып кеткен баланы артынан іздеп шыққан өгей анасы жаздық «душта» асылып тұрған жерінен тауыпты...  

2023 жылдың 12 қаңтары. Бұл жолы Әйтей ауылы суыт хабардан дүр сілкінді. 2009 жылғы қыз бала да өз-өзіне қол жұмсады.  Ауылдастарының айтуынша, әке-шешесі бұл уақытта жұмыста екен. Үйінде марқұм және артынан ерген екі бауыры болған. Оларды ұйықтатып тастап, қаршадай қыз осы «қорқынышты» әрекетке барған. «Күндей күліп, өз ортасында көңілді жүретін сыныптастарының жарқын бейнесін ұмыта алмаймыз» деп қатарластары да өз таңданыстарын ватсап статустары мен инстаграмдағы историяларында бөлісіп жатты. Көп ұзамай, әлеуметтік желіде бір ер адамның дауыстық хабарламасы тарады. Ол хабарламада еңіреп жылаған әке басқа ата-аналарға балаларының телефондарын мұқият қарауды сұрайды. Көпшілік оны марқұм қыздың әкесі екен десіп жатты.

«13 жасар қызымды жоғалттым. Әйелім екеуіміз жұмыстан келіп, қызымызды осындай күйде тауып алдық. Осыған орай сіздерге балаларыңыздың телефонын тексеріңіздер дегім келеді. Тым құрығанда, басқа балалар жақсы өмір сүрсе екен! Мен әрі қарай қалай өмір сүрерімді білмеймін... Қазір тик-токта бір ойын пайда болыпты. Тамырын кескізеді екен, сосын дарға сүйрейді... Бірақ қызым телефонын түгел өшіріп кеткен...» – делінген хабарламада. Дегенмен, тергеу жұмыстарының әлі аяқталмауына байланысты бұл ақпаратты заң өкілдері растаған жоқ. 

22.03.2023 жыл. Тағы да осы Әйтей ауылында болған оқыс оқиға. 16 жастағы ер бала мына жарық дүниемен қош айтысты.

Бұл жолы біз аталған мектепке арнайы барып, директордың тәрбие және оқу ісі жөніндегі орынбасарларын әңгімеге тарттық.

Мектеп өкілдері жыл басында болған және осы жағдайдың да төбеден жай түскендей әсер қалдырғанын жасырмайды. Әсіресе, бұл бала өте жан-жақты, белсенді, ұқыпты, мұғалімдердің сүйікті оқушысы болғанын айтады. Өзі бір жыл бұрын Жетісу облысынан отбасымен қоныс аударып келген. Бірақ ортаға тез сіңіп, қатарластарымен оңай тіл табысып кетіпті.  Өзінің туған әке-шешесімен тұратын. Дәл Наурыз күні марқұмның бұл жағдайға бару себебі мектеп әкімшілігі үшін жұмбақ. Себеп-салдарын тергеу-амалдары анықтайды деп күтіп отыр...

29 наурыз, 2023 жыл. Қарасай аудандық полиция басқармасына Тұрар ауылында 2007 жылғы жасөспірімнің өзіне қол салғаны туралы хабарлама келіп түскен. Бізге жеткен ақпарат бойынша, бала әкесімен, ағасымен және әжесімен тұрған. Ата-анасы 2021 жылы ресми түрде ажырасқан. Байсалбаев мектебінің 10-сынып оқушысы сол күні сағат 14.00-де сабақтан келген. Әжесінің айтуынша, үйде екеуі ғана болған және бала тамақ ішіп алып ұйықтап қалған. Сағат 17.00 шамасында әжесі далаға шығып, үнемі жабық тұратын сарай есігінің ашылып қалғанын байқайды. Жақындап барғанда… Көзбен көрген оқиғасын сөзбен жеткізу мүмкін емес еді... Шошығаннан көршісін шақырып, арқанды шешіп қараса, дене суып кеткен... Сынып жетекшісі ол туралы тек жақсы мінездеме айтқан және сол күні бала өте жақсы көңіл-күйде жүргенін жеткізген. Қазір тергеу амалдары жүруде.

 Бұл төрт жағдайдан нені аңғаруға болады? Төрт баланың да көңіл-күйі жоғары, мінездерінде өзгешелік болмаған. Өз орталарында белсенді және ұстаздары мен қатарластары тарапынан да оң пікірге ие болған. Екі жағдайда отбасы толық, екі жағдайда ата-анасы ажырасқан. Төртеуінің де әлеуметтік жағдайы соншалықты төмен емес, яғни аса бір жоқшылық көрудің салдарынан бұл қадамға барды деп айту қиын. Төрт жағдай да өз үйлерінде болған.

Бұл өте ауыр тақырып, өзекті мәселе қозғалғанда бірден мектепке тарпа бас салып, «Сынып жетекшісі мен психолог қайда қарады? Директор не істеп жүр?» деп сынға алу өте оңай. Тек осы Қарасай ауданын ғана алып қарасақ, 78 000-нан астам оқушы бар. Мегаполиске жақын аймақ болғандықтан, жыл санап айналадағы елдімекендерге тұрақтаушылардың қатары артпаса, кеміп жатқан жоқ. Яғни, соған сәйкес, оқушы саны да өсуде. Бір мектепте кемі 1000-4000 аралығында оқушы оқиды екен. Ал сол орта есеппен 1000 оқушы деп алғанның өзінде бір немесе екі психологтың жұмыс істеуі қаншалықты нәтиже бермек? Бұл да ойланатын жайт...

Еске салсақ, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін Президент үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға аз тапсырма берген жоқ. 

«Біз бала құқығын қорғау туралы ауқымды мәселенің шешімін табуымыз керек. Біз балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу жөніндегі мемлекеттік бақылауды күшейтуіміз керек», –  деген еді Мемлекет басшысы  кезекті Үкімет отырысының бірінде.

Ал Оқу-ағарту министрлігі бұл мақсатта әрбір облыс пен қала әкімдігінің жанынан бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалғанын хабарлаған болатын.

Сөз соңында елімізде психологиялық ауыр жағдайда жүрген жасөспірімдерге жәрдемдесе алатын Ұлттық сенім телефоны бар екенін еске салғымыз келеді. Яғни, кез келген қиын жағдайға тап болған, өзін ешкімге керексіз сезінген, буллингке ұшыраған, жалпы кімнен көмек күтерін білмеген балалар 150 нөміріне қоңырау шалып көмек ала алады.  Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағы балалар мен жастарға тәулік бойы тегін онлайн-консультациялар жасайды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →