"Ұшақ бортында жұрттың мазасын алған". Астанада шетелдік азаматқа айыппұл салынды

Qaz365.kz редакциясы

Ыстамбұл - Астана бағытындағы әуе рейсі

pixabay

Көлік полициясы Моңғолия азаматына ұшақта алкоголь ішкені үшін айыппұл салды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ағымдағы жылғы 14 тамызда Астана қаласы Халықаралық әуежайындағы желілік полиция бөліміне "СКАТ" әуекомпаниясының Ыстамбұл - Астана бағытындағы әуе рейсінің бортында құқық бұзушының бар екендігі туралы хабарлама келіп түсті.

"Экипаж мүшелері полицейлерге жолаушы азаматтың әуе кемесінің ұшу кезінде алкогольдік ішімдік ішкенін, тіпті басқа жолаушылардың тыныштығын бұзғанын айтты. Мән-жайлар анықталғаннан кейін құқық бұзушы акт бойынша полицейлерге берілді", - делінген хабарламада.

Тексеру барысында көлік полицейлері Моңғолияның 39 жастағы азаматын анықтады. Ол кезекші бөлімге жеткізілді, медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, алкогольдік масаң күйде болғандығы белгілі болды.

Шетелдік азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 440-бабының 1-бөлігімен, яғни, алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйінде пайда болу бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Шетелдік азаматқа 5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.