"Ұяттарың жоқ". Костенко шахтасында табылмаған кеншілердің туыстары жанайқайын айтты

Qaz365.kz редакциясы

Костенко шахтасындағы жарылыстан әлі 13 адам табылмай жатыр

Ашық дереккөзден

Костенко шахтасындағы жарылыстан әлі 13 адам табылмай жатыр. Кеншілердің туыстары шахта басшылары мен апаттық-құтқару қызметі өкілдеріне жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ар-ұяттарың жоқ, адамдардың көзіңе қалай қарайсыңдар? Кеше шахтада жарылыс болған. Сонда не ойлағансыңдар? Өмірде бумеранг заңы бар. Сендердің де балаларың мен немелерін өсіп келеді», – деді жиналған әйелдердің бірі.

Басшылардың бірі кеншілердің туыстарының жанайқайын тыңдауға шыдамы жетпей, кетіп бара жатқан. Бірақ жиналғандар оны қайтарып алды.

Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының орынбасары Жұмат Өкенов шахтаның шығыс бөлігінен мерт болғандарды жоғары көтеруге дайындап жатырмыз деп айтты. 

«Апат кезінде кеншілердің денелеріне қатты зақым келген. Осының салдарынан олардың аты-жөнін анықтау қиынға түсіп жатыр. Қазір табылмаған 13 адамды іздестіруге бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Апат болған жерде өрт ауыздықталды. Қазір шахтада құтқарушылардың жұмысына қауіп жоқ», – дейді Жұмат Өкенов.

Айта кетейік, бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Соңғы мәлімет бойынша, 33 кеншінің денесі табылды. Әлі 13 адам іздестіріліп жатыр.

29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.