Екі баласын өлтірді деген күдікті әйел ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

Тиісті сараптамалар тағайындалды

Фото: polisia.kz

7 ақпанда Түркістан қаласының жалдамалы пәтерлерінің бірінен екі жас баланың денесі табылған болатын. Жантүршігерлік қылмысты істеген деген күдікпен балалардың анасы ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Оны іздеуге облыстық полиция департаментінің, көршілес облыстар мен мегаполистердің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Барлық қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктіні Шымкент қаласындағы қонақүйлердің бірінде ұстады. Барлық мән-жайды анықтау үшін кісі өлтіру дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті әйел қамауға алынды. Істің тергеуі менің жеке бақылауымда», – деді Түркістан облысы бойынша ДП басшысы Мұрат Қабденов.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістанда екі баласын жастықпен тұншықтырып өлтірді деген күдікпен балалардың анасына іздеу жарияланған. Баланың анасын Қызылорда облысынан да іздеген еді. Өйткені ол Шиелі ауданындағы А.С.Пушкин атындағы №46 мектеп-лицейде мектепке дейінгі сыныпта тәрбиеші болып жұмыс істеген.