1 млрд теңге: Қызылорда облысында білім беру саласының қызметкерлері сотталды

Qaz365.kz редакциясы

1 млрд теңгеден аса бюджет қаражатын жымқырған

Фото: diapazon.kz

Жаңақорған ауданының білім беру саласының қызметкерлері бюджет қаражатын жымқырған деп хабарлайды Qaz365.kz.

Антикор мәліметінше, 2024 жылдың 7 ақпанында Жаңақорған аудандық соты «Жаңақорған ауданының білім бөлімі» ММ басшысы Б. Ибрагимовқа, бас бухгалтері К. Аязбаеваға және 24 мектептің бухгалтерлеріне қатысты үкім шығарды.

Олар жалпы сомасы 1 млрд теңгеден аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

«Сот үкімімен мекеменің басшысына және бас бухгалтеріне 8 жыл бас бостандығынан айыру, мектеп бухгалтерлерінің біріне – асырауында жас баласының болуына байланысты 5 жыл мерзімге жазасын кейінге қалдыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген агенттік хабарламасында.

Сонымен қатар сотталғандар мемлекеттік қызметте және өзге де ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.