Павлодарда тәрбиеші ерекше баланы ұрған

Qaz365.kz редакциясы

Тәрбиешінің үстінен сотқа дейінгі тергеу басталды

Фото: ашық дереккөзден

Павлодарда ерекше баланы ұрған тәрбиеші жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Анасының айтуынша, ұлына түзету орталығының қызметкері қол көтерген. Ол оқиғаның видеосын әлеуметтік желіге жариялады. Онда түзету орталығының қызметкері ерекше баланың басын күшпен ұстағанын, қолы мен басынан ұрғанын көруге болады.

Әйел орталық тәрбиешіні жұмыстан шығарып, кешірім сұрағанын атап өтті. Алайда ол түзету орталығы да болған жағдайға жауап беруі керек деген пікірде. Сондықтан полиция мен прокуратураны тексеріс жүргізуге шақырды.

Павлодар облысының ПД тәрбиешінің үстінен сотқа дейінгі тергеу басталғанын, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлады.

«Тергеу Павлодар облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды», –  деп жазылған хабарламада.