Алматы облысында ер адам балаларды байлап, пышақпен қорқытқан

Qaz365.kz редакциясы

Балалардың айқайына көршілері жүгіріп келген

Фото: depositphotos.com

Алматы облысында белгісіз ер адам үйге басып кіріп, ондағы балаларға шабуыл жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әлеуметтік желіде балаларға жасалған шабуылдың видеосы пайда болды. Оқиға Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінде болғаны хабарланды. Ер адам жергілікті тұрғындардың үйіне рұқсатсыз кіріп, ондағы кішкентай балаларға күш көрсетіп, ұрып-соғып, тамағына пышақ тақап қорқыта бастаған. Балалардың айқайына көршілері жүгіріп келгенде, олардың аяқ-қолы байланғанын көргені айтылады. Зардап шеккендердің айтуынша, Бақытжан есімді біреу үйге баса-көктеп кірген.

Аталған іс полицияның ерекше бақылауында екені айтылады.

«Кішкентай балаларға жасалған шабуыл туралы арыз бойынша соталды тергеу басталды. Күдікті анықталды. Оны ұстау шаралары жүргізіліп жатыр. Облыстың барлық аудандық бөлімшелері мен облыстық полиция органдарына бағыт-бағдар берілді», - деді облыстық Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов.