ҰҚК мен ІІМ арнайы операция: бір уақытта 8 қылмыстық топ бейтараптандырылды

Qaz365.kz редакциясы

Тергеу шаралары жалғасуда

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 17 ақпанда Ішкі істер министрлігімен бірлесіп және Бас прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген ауқымды операцияның қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Операциялар Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында, Жетісу облысы мен Шымкентте жүргізіліп, 8 топ залалсыздандырылды.

«23 адам ұсталды, оның ішінде теріс діни ағымдарды ұстанушылар бар. 17 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал 6 адам келуге міндеттелді. Олар ауыр және аса ауыр қылмыстарды, соның ішінде терроризмді насихаттау, адам ұрлау, бопсалау, сондай-ақ есірткі құралдары мен атыс қаруының заңсыз айналымы сияқты қылмыстарды жасады деген күдікпен ұсталды», - делінген ҰҚК хабарламасында.

Жасалған құқыққа қарсы әрекеттерін бірқатар жағдайларда теріс бұрмаланған діни қағидалармен ақтап жүргені айтылды. 49 тінту барысында ату қаруы, оқ-дәрілер, діни әдебиеттер, ақшалай қаражат және есірткілер алынған.

Республиканың сегіз аймағындағы операцияға бір мезгілде 250-ге жуық қауіпсіздік қызметкері жұмылдырылды.

Тергеу шаралары жалғасуда.