Алматыда құтқарушылар өртенген қоймада тұншыққан жігітті қалай құтқарғанын көрсетті

Qaz365.kz редакциясы

Жүрек-өкпе реанимациясын уақытылы жүргізген

ТЖД Алматы

Алматылық құтқарушылар Өзбекстанның 26 жастағы азаматын жанып жатқан қоймадан қалай құтқарғанын  көрсетті. Видеоны Төтенше жағдайлар министрлігі телеграм-арнасында жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

ТЖМ берген ақпарат бойынша, 24 ақпанда сағат 19.43-те Алматы қаласы ТЖД күштері мен құралдары Алатау ауданы, “Теректі” шағынауданы, Бестоғай көшесіндегі қойма үй-жайларындағы өрт туралы хабарламаға жоғары дәрежедегі шақырту бойынша жіберілген болатын.

Құтқарушылар сағат 19:56-те келген сәтте, қойма үй-жайында автоқосалқы бөлшектердің жалпы ауданы S=180 шаршы метрді қамтыған ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды, өрт орнынан көлемі 25л, 50 л 2 газ баллон шығарылды.

“Өртті жою жұмыстарына су көздерінің қашықтығы кедергі жасады, дереу жедел түрде су тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылды. Қабылданған жедел шаралармен таралу қаупі 20:37-де оқшауланып,  21:20-да жойылды. Барлау және өртті жою барысында 2- МӨСБ бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау сержанты Ілияр Мухпул жүрек-өкпе реанимациясын уақытылы жүргізіп, 1998 ж. туған Өзбекстан азаматы (СТО қызметкері) құтқарылды”, – делінген хабарламада.

Медицина қызметкерлері қарағаннан кейін құтқарылған азамат үйге жіберілген.

Өртті жоюға Алматы қаласы ТЖД жеке құрамынан 50 адам, 13 техника және Алматы облысының ТЖД жеке құрамынан 7 адам, 2 техника жұмылдырылған.