Бір ай бұрын суға батып кеткен: Қарағанды облысында балықшының денесі табылды

Qaz365.kz редакциясы

Оның денесін балықшылар тауып алып, құтқарушыларға хабарлаған

Фото: Қарағанды ​​облысы ТЖД баспасөз қызметі

Қарағанды облысында суға батып кеткен балықшының денесі табылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, облыстық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Осакаров ауданына қарасты Сәтбаев каналы бойындағы Молодежный ауылынан 20 шақырым жерде суға батып кеткен 39 жастағы ер адамның денесі шығарылды. Оның денесін балықшылар тауып алып, құтқарушыларға хабарлаған.

Айта кетейік, 3 ақпанда Молодежный ауылының маңында балық аулау кезінде үш балықшы мінген көлік мұзға түсіп кеткен. Екі ер адам сыртқа шығып үлгерген. Көлік өзен түбінен шығарылды, бірақ үшінші балықшы ішінде болмаған.

Іздестіру жұмыстары үш күн бойы сүңгуір жабдықтары мен су астындағы қашықтықтан басқарылатын тексеру кешенін қолдану арқылы жүргізілді. Ақпанның басында ауа райының қолайсыздығына байланысты суға батқан адамды іздеу жұмыстары уақытша тоқтатылған.