Алматы арқылы Ресей мен Еуропаға заңсыз өтпек болған ауғанстандықтар ұсталды

Qaz365.kz редакциясы

Лауазымды тұлғаға пара беру кезінде ұсталды

Фото: ҰҚК

Қазақстан аумағы арқылы Ресейге және одан ары Еуропа елдеріне заңсыз өтпек болған Ауғанстан азаматтарының жолы кесілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Заңсыз көші-қон арнасын ҰҚК ШҚ «Алматы» шекаралық бақылау басқармасы ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлесе, прокуратура органдарының үйлестіруімен анықтады.

«16 наурызда лауазымды тұлғаға 5 мың АҚШ доллары көлемінде пара беру әрекеті кезінде Ауғанстанның 4 азаматы ұсталды. Тергеу материалдарына сәйкес, бұл қаражат шетелдіктерді Испания мен Португалияның жалған төлқұжаттары бойынша Алматы қаласының халықаралық әуежайы арқылы тасымалдауды ұйымдастыруға арналған», - делінген ҰҚК Шекара қызметінің хабарламасында.

Қылмыстық кодекстің 394-бабының 1-бөлігінде және 367-бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Соттың санкциясымен ұсталған адамдарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.