«Өгей әкесі күдікке ілікті»: Жаңақорғанда 9-сынып оқушысы жүкті болып қалды

Qaz365.kz редакциясы

Тағы бір тұрғын осы қылмысқа күдікті ретінде тартылуда

Ашық дереккөзден

Жаңақорғанда 9-сынып оқушысы жүкті болып қалды. 
Бұл туралы қызылордалық жергілікті блогер Үйболған Жареке өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Желідегі ақпаратқа сүйенсек, оқиға Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Шалқия кентінде болған.

“Жаңақорған ауданының білім бөліміне қарасты №86 мектептің 9 сынып оқушысының аяғы ауыр. Сорақылықты алғаш болып мұғалімдері байқаған деп жатыр. 38 жастағы келіншек өзінен 20 жас үлкен шалының бұрынғы некеден туған қызын зорлап жүргенін білмеген. Күдікті ретінде кеше 58 жастағы өгей әкесі қамауға алыныпты деген ақпарат рас па? Егер рас болған жағдайда, он екіде бір гүлі ашылмаған қызының тағдырын күл еткен, бақылаусыз қалдырған шешесінің де жауапкершілігі қаралуы тиіс емес пе?” – дейді блогер.

Бұл ақпаратты кейін ресми орган да растады.

«Жоғарыдағы келеңсіз жағдайдың орын алғаны, өкінішке қарай, арнайы мамандардың анықтауымен расталды. Бүгінгі таңда оқушы қыз бен анасы және өгей әкесі – барлығы арнайы тексеруден өту мақсатында облысқа жеткізілді. Күдікті азаматпен кешегі күннен бері аудандық құқық қорғау органының мамандары жұмыс жасауда», – деп хабарлайды Шалқия кенті әкімінің аппараты.

Сондай-ақ, ауылдастарының айтуынша, осы елді мекеннің тағы бір тұрғынына күдікті ретінде ДНҚ сараптамасы жасалған.