«Көптеген жарақат көрдім»: Сот Нүкенованың ағасына ескерту жасады

Qaz365.kz редакциясы

Айтбек Амангелдіге айыпталушының адвокаттары қойған сұрақ ұнамады

Фото: ашық дереккөзден

Астанада өткен экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты өтті. Айыпталушының адвокаттары Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдіге бірқатар сұрақ қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бишімбаев тарапынан адвокаттардың бірі Ерлан Ғазымжанов Айтбек Амангелдіден «Салтанаттың денесін көрдіңіз бе, сараптама нәтижесін көрген шығарсыз, оның миының тұсы ойылып, көзі шығып кеткен бе» деп сұрады.

Бұл сұрақ марқұмның ағасына ауыр тиіп, ол теріс бұрылып кетті. Нүкеновтардың адвокаттары «ол осы саланың маманы емес, сараптама нәтижесін қараңыздар, сол жерде бәрі бар» деп шағымданды.

Бишімбаевтың адвокаты «мен тек көрдіңіз бе» деп сұрадым деді.

«Мен өлген қарындасымның денесінен көптеген жарақат көрдім, менен сізге не керек? Сараптама жасалған суреттерді алып, кестені көріңіз. Оны неге менен сұрап тұрсыз?» деп ашуланды Айтбек Амангелді.

Судья «сіздің жағдайыңызды түсініп тұрмыз, сонда да сабыр сақтауға тырысыңыз. Тәртіп сақтамағаныңыз және сотқа құрметсіздігіңіз үшін жауапқа тартылуыңыз мүмкін. Қорғаушылар, сұрақты дұрыс қойыңыздар» деп ескерту жасады.