Дірілдеп, қалшылдап тұрсақ, ТЖМ-ның мобилографы «бізге отзыв» беріңдер деді – Қызыл жұлдыз ауылы тұрғыны

Qaz365.kz редакциясы

Тұрғындар көшірілетін орын алдын ала дайындалмаған дейді

Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты Қызыл жұлдыз ауылы мен қыстақтардан су тасқынына байланытсы халық түгел көшірілген. Әйтсе де, көшірілген тұрғындар эвакуация орыны алдын ала дайындалмағанына наразылық білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Айта кетейік, бұған дейін Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Абзал Тәшімов Қызыл жұлдыз ауылының тұрғындары бірі қалмай, қалаға жеткізілгенін БАҚ-қа хабарлаған еді. Адамдарды Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің авиациялық қызметі көшірген. Қостанай облысы орталығының әуежайынан ҰҚК-нің МИ-8 тікұшағы көтерілген. Борт экипажы Екідің ауылының Сарыбас қыстағынан да адамдарды құтқарды.

Бірақ тұрғындар көшірілетін орын алдын ала дайындалмаған дейді.

«Түнгі сағат үште тікұшақпен әкелді де, кім қайда баратынын сұрамай, мал сияқты әкеп тастай салды. Қайда арамыз? Қайынсіңлімнің үйі бар еді – соған бардық. Эвакуация орнын неге алдын ала дайындап қоймайсыздар?» - деп сұрайды тұрғынның бірі «Арайлы Арқалық» ютуб-арнасында көрсетілген жиында.

Эвакуацияланған адамдарды екі адам күтіп алған. 

«Біреуі мобилограф екен – ТЖМ-ның адамы ғо деймін. Апай, аман-есен жеттіңіздер ғой. Бізге күшті «отзыв» берсеңіздер дейді. Бізде «паника, нервы потолок» болып тұрған адамдар – не деп мен оған мақтау сөз айтуым керекпін!? Ойбай, бізді құтқарып алды, жағдай жақсы деуім керек пе?! «Сіздер жақсы отзыв берулеріңіз керек, біз инстаграмға жариялаймыз» дейді. Анау жерде бала-шағамызбен дірілдеп, қалшылдап, аяғымыз шылқылдаған су, бір қабат киіммен тұрдық. Мынадай жағдайда қалай сабырлы боламыз. Әкім келуі керек еді», - дейді ол.