Батыс Қазақстандағы тағы екі ауданға су тасу қаупі төніп тұр

Qaz365.kz редакциясы

Мамандардың мәліметінше, судың деңгейі облыста осыдан 30 жыл бұрын болған ең жоғары көрсеткіштен асып кеткен

Ашық дереккөз

Су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңір тұрғындарына үндеу жасады. Әкімнің үндеуі әкімдіктің инстаграм парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Құрметті Батыс Қазақстандықтар! Өңірімізде су тасқынының салдарынан күрделі жағдай орын алғаны белгілі. Облысымыздың Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында су тасқыны болып, тұрғын үйлерді су басты. Осының салдарынан 4 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның жартысы балалар. Тасқыннан зардап шеккендерге жедел эвакуациялық пункттер ұйымдастырылып, қажетті жағдай жасалып жатыр», - дейді әкім.

Төреғалиевтің айтуынша, көршілес Ресей елінен бастау алатын 5 трансшекаралық өзенде су деңгейі көтеріліп барады. Соның салдарынан Казталов және Жаңақала аудандарына баратын Қара және Сары өзендерде су деңгейі артқан. Қазіргі уақытта бұл өңірлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. 

Мамандардың мәліметінше, судың деңгейі облыста осыдан 30 жыл бұрын болған ең жоғары көрсеткіштен асып кеткен. 

«Орал қаласындағы Шаған және Деркөл өзені қауіпті деңгейге жетті. Сондай-ақ, Жайық өзенінде де су көлемі артуда. Соның салдарынан Орал қаласы мен Бәйтерек, Теректі аудандарын су басу қаупі сейілген жоқ. Бұдан бөлек, Орал қаласының маңындағы Подстепное ауылында су тасқыны болып, қазіргі уақытта суды сору, су өтетін жылғаларды кеңейту, топырақпен қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді әкім.

Айта кетейік, биыл су тасқынына едәуір зардап шеккен өңірдің бірі Батыс Қазақстан облысы болып отыр.