Вице-министр журналистердің сұрақтарына жауап берді
Абай облысының Аягөз ауданында трактормен бірге суға кеткен екі адам әлі табылған жоқ. Куәгердің сөзінше, трактор өзен ортасында таңнан кешке дейін тұрған. Бүгін үкімет отырысынан кейін тілшілердің бірі Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықовтан құтқарушылардың 10 сағат бойы бара алмауының себебін сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сонымен қатар тілші су тасқыны кезінде халықтың үйлерінен айырылып, зардап шеккенін көре тұра шенеуніктердің «адам шығыны жоқ» мақтануының түсіне алмағанын жеткізді.
«Адам шығыны болған жоқ деп айтқан кезде бізді марапаттасын, мақтасын деген ниет болған жоқ. Халық рахметін жеткізсін деп емес, шын ниеттен қуанғандықтан айттым. Шүкір деп айтуым керек. Трактордағы екі адамның жоғалуына су тасқынының қатысы жоқ. Оны дұрыс түсінуіміз керек. Жолды қысқарту үшін тасып жатқан өзенге өздері кіріп отыр. Су ортасында қалып кеткен жоқ. Демек, судың ортасында бірдеңе қалып кеткен жоқ. Сосын 10 сағат деген тым асыра сілтеп жіберген әңгіме. Көп жерде өрт болып жатқан кезде азаматтарымыз "өрт сөндіру бөлімі өте ұзақ келе жатыр" деп айтады. Бірақ сол жерде санаулы минуттар өтіп жатады. Мұнда да тура осындай. Біздің ұзақ жеткеніміздің себебі – бүгін таңда өзендердің бойында біздің құтқарушыларымыз дайын тұрған жоқ. Оған уақыт керек. Ең жақын жерде тұрған құтқарушыларымызды жібердік. Тік ұшақтармен де жағдай осындай», - дейді Бауыржан Сыздықов.
Ол тасып жатқан су болатын болса, азаматтарымыз ол суға кірмеуі керек. Оның күресі сонда. Ең бірінші адам өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарау қажет деп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысының Аягөз ауданында тракторда отырған Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазин 26 наурызда Қарағаш ауылының іргесіндегі Борлы өзені ағызып әкеткен. 39 жастағы Шалқар Аягөздегі әскери бөлімдердің бірінде келісімшартпен жұмыс істейді. Қуанышбек 68 жастағы шопан.