Сайлау-2023: Еліміздің 15 өңірінде дауыс беру аяқталды

Qaz365.kz редакциясы

Қазіргі уақытта бес өңірде дауыс беру жалғасуда

Ашық дереккөздерден

Қазақстанның 15 өңірінде Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау аяқталды, деп хабарлайды qaz365.kz.

Астана уақытымен сағат 18:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген республиканың 6 390 046 азаматы бюллетень алды. Бұл жалпы сайлаушылардың 53,11 пайызын құрайды.

Қазіргі уақытта еліміздің 5 өңірінде, атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында дауыс беру жалғасуда. Бұл өңірлерде сайлау учаскелері елорда уақытымен сағат 21-00-де жабылады.

Айта кетерлігі, Қазақстанның 62 шет мемлекеттегі өкілдіктері жанынан 77 сайлау учаскесі ашылған болатын. Оларда 12 016 адам дауыс беруі тиіс. Астана уақытымен сағат 18:00-де шетелдердегі 11 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады және қазір жұмыс істеп жатқан учаскелерді қосқанда шамамен 5 мың Қазақстан азаматы дауыс берді. Бұл 42 пайызды құрайды. 66 учаске жұмысын жалғастырып жатыр. Жалпы, шетелдегі дауыс беру 20 наурыз күні таңертеңгі сағат 09:00-де Сан-Францискодағы сайлау учаскесінде аяқталады.

Орталық сайлау комиссиясы азаматтардың учаскелерге келуі туралы сағат 20:10-да және 22:10-да ақпарат ұсынатын болады.