Депутат Абзал Құспан "Қаңтар оқиғасы” жайында: Кез келген билік өзіне қатысты шындықты таяу арада аша қоймайды

Qaz365.kz редакциясы

Абзал Құспан биліктің өзіне қатысты шындықты ашатынына сенбейді

Ашық дереккөздерден

Мәжілістің жаңадан сайланған депутаты Абзал Құспанов қаңтар оқиғасы туралы айтты, деп жазады Qaz365.kz.

Абзал Құспанов Батыс Қазақстан облысында өзін-өзі ұсынған.

Журналистер тарапынан заңгерге қаңтар оқиғасы кезінде оқ атқандар және оқ атуға бұйрық бергендерді жауапқа тарту туралы сұрақ қойылған еді. Ол бұл мәселе бойынша жақын арада қандай да бір өзгеріс  болмайтынын айтты.

"Мен бұл мәселені Мәжілісте бір емес, екі мәрте "Amanat" комиссиясының басшысы ретінде көтердім. Депутат ретінде де бұл мәселе ұдайы назарымда болады. Сонымен қатар, мен құрған "Amanat" комиссиясы Алматы қаласында әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Өзімнің орнына білікті заңгерлерді қалдырдым. Сондықтан мен олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін боламын.

Кінәлілерді жауапқа тарту жөніндегі мәселені мен барлық жерде ашық айтып жүремін. «Шындық қашан жарияланады» деген сұраққа қатысты айтар болсам, кез келген билік өзіне қатысты шындықты таяу арада аша қоймайды. Мен онымен келісіңіз деп жатқан жоқпын. Мен жай ғана фактіні айтып тұрмын. Сондықтан қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жалғасуы керек. Ең алдымен, барлық тергеу жұмыстары аяқталуы керек. Сот үкімдері шығуы керек. Ал бізде сот жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Сондықтан таяу арада, яғни биыл немесе келесі жылы, барлық шындық ашылып, кінәлілердің аттары аталып, жауапкершілікке тартылады деп айта алмаймын. Ұнаса да, ұнамаса да, мен шындықты айтып отырмын", - деді Абзал Құспанов.

Белгілі заңгер өзінің депутат болудағы мақсатын да  түсіндіріп өтті.

«Мен – заңның қолданушысымын. Бір ғана университетті бітірдім заң мамандығы бойынша, бір ғана заң саласында қызмет етіп келемін. Еліміздегі бәтуасыз заңдардың зардабын дәл мендей тартқан адам аз шығар. Менің депутат болғандағы мақсатым – осындай заңдарды жетілдіру, соларды түзету үшін келгенмін. Ешқандай саяси ұпай жинау немесе популизммен айналысу үшін емес. Жалпы, заң саласы популизмді көтермейді, нақтылықты қажет етеді. Менің сайлауалды бағдарламам тек қана осыған құрылған», - деді Абзал Темірғалиұлы.