Асхат Аймағамбетов депутат ретінде қандай мәселелерді көтеретінін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Депутаттың қызметі бір саламен шектеліп қалмайды.

akorda.kz

Мәжілістегі алқалы жиын аяқталған соң жаңадан сайланған депутат Асхат Аймағамбетов журналистерге депутат ретінде қандай мәселелерді көтеретінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Назар аударатын мәселелер өте көп. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік, коммуналдық, т.б. салаларға қатысты.

Депутаттың қызметі бір саламен шектеліп қалмайды. Менің бұған дейін Оқу-ағарту министрі болғаным тек білім беру саласының мәселелерімен айналысады дегенді білдірмейді. Әрине, білім саласындағы мәселелер мен үшін әрқашан маңызды болып қала береді», - деді экс-министр.

Бұдан бөлек, депутат қала құрылысына қатысты өзекті мәселелерді де атап өтті.

«Әсіресе, ірі елді мекендерде мектеп, балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар жоқ, ал әкімдік үй салуға рұқсат береді. Нәтижесінде жаңадан салынған мектеп бірден үш ауысымды болып шыға келеді. Осында өзекті мәселелерді заңдық тұрғыдан реттеу қажет.

Сонымен қатар балалар мен әйелдердің құқығын қорғау сияқты мәселелер де бар. Медициналық қызметкерлердің де құқықтарын қорғау қажет. Айталық, науқастар тарапынан наразылық, балағаттау ғана емес, қол көтеру фактілері де кездесіп жатады», - деді депутат.

Аймағамбетовтің айтуынша, мұның бәрі «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған. Енді осыларға басымдық бере отырып, жүзеге асыруға кіріспек.

Айта кетейік, Асхат Аймағамбетов Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы болып сайланды.