Жанар-жағармайдың қымбаттауы тауар бағасына қалай әсер етеді

Qaz365.kz редакциясы

Айта кетейік, елімізде 12 сәуірден бастап, бензин мен дизель отыны 20 пайызға қымбаттайды

фото: pixabay.com

Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов елімізде халық тұтынатын тауарлар бағасы қалай өзгереді деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.


Жанар-жағармайдың тауарлар бағасына әсері тым асыра бағаланған деп санаймын. Біз бағаны екі есе көтеріп жатқан жоқпыз ғой. Егер сіздер статистикаға қарасаңыздар, 2021 және 2022 жылдары отын бағасы өзгерген жоқ. Алайда тауарлар осы уақыт ішінде қымбаттауын тоқтатпады, – дейді Болат Ақшолақов.


Ол жанармай қымбаттағаннан кейін басқа тауарларда қандай да бір баға өсімі болады, бірақ бұл жоспарлы инфляция шегінде болмашы өсім ғана деп айтты.


Тауарлардың бағасы айтарлықтай көтеріледі деп ойламаймын. Алайда өсімді бақылау керек. Баға өсуі мүмкін. Меніңше, мұның бәрі жоспардағы инфляция шегінде болады, - дейді министрдің міндетін атқарушы.

Айта кетейік, елімізде 12 сәуірден бастап, бензин мен дизель отыны 20 пайызға қымбаттайды. АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 205 теңгеге дейін, ал дизель отыны литріне 295 теңгеге дейін өседі.