Маңғыстаулық түлектер еліміздің оңтүстігінде тегін оқи алады

Qaz365.kz редакциясы

Түлектерге оқуға гранттар ұсынылуда

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Шымкент қаласынан жұмыс сапарымен келген Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Делегация құрамында университет ректорының міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев пен академиялық мәселелер жөніндегі проректор Жанбол Жылбаев болды.

Сапардың негізгі мақсаты – Маңғыстау облысының талапкерлерін жоғары оқу орнына түсу мүмкіндіктерімен таныстыру, мемлекеттік және қосымша гранттар жөнінде ақпарат беру, сондай-ақ кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу.

Кездесу барысында білім беру саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту және Маңғыстау жастары үшін сапалы жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі адами капиталды дамыту және өңір түлектерін қолдаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Біз үшін басты басымдық – жастарға сапалы білім беріп, олардың кәсіби дамуына нақты мүмкіндік жасау. Сонымен қатар жастардың тек өз өңірінде ғана емес, басқа қалаларда да тәжірибе жинап, жаңа ортада дамығаны маңызды. Мұндай бастамалар түлектер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға жол ашады», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Ағымдағы оқу жылында мемлекет тарапынан педагогикалық мамандықтарға 13 226 грант бөлінді. Сонымен қатар техникалық және IT бағыттарына ерекше басымдық берілуде.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университет өңір түлектерін грант негізінде оқуға түсіп, сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуға шақырады. Жыл сайын университетте шамамен 1000 студент мемлекеттік грант иегері атанады. Бұдан бөлек Шымкент қаласының әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры тарапынан қосымша шамамен 300 грант қарастырылған. Биыл Түркиядағы Гази университеті филиалында оқу үшін тағы 100 грант бөлуге өтінім берілді.

Университет еліміздің оңтүстігіндегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып саналады. Мұнда 58 заманауи зертхана мен виртуалды шеберханалар жұмыс істейді, барлық оқу корпустары тегін Wi-Fi желісімен қамтылған және студенттерге жатақхана орындары қарастырылған.

Сонымен қатар студенттер үшін 12 үйірме мен волонтерлік бірлестіктер жұмыс істейді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польша, Чехия, Түркия және АҚШ жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігі бар.

Делегацияның бұл сапары өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және Маңғыстау жастары үшін білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.

Түсу және грант алу мәселелері бойынша қосымша ақпарат алу үшін талапкерлер мен олардың ата-аналары келесі телефон арқылы хабарласа алады: +7 775 722 3098 немесе электрондық пошта арқылы: blazzat69@mail.ru, info@okmpu.kz.