Жаңаөзен мұнайшыларының талабын орындау мүмкін емес - Алтай Көлгінов

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, Үкіметтің міндеті – оларға қолда бар бос жұмыс орындарын ұсыну

Qaz365.kz

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік мұнайшылардың талабы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Мұның бәрі келіссөз мәселесі. Бәрі заң аясында шешілуі керек. Олар тендерден ұтылған компания қайтадан ұтып шыққанын қалайды. Бірақ бұл мүмкін емес. Бәрін заң аясында істеу керек. Тендер талаптары бар және немесе сот тәртібімен немесе  заңды негізде қарау керек. Жай ғана талап ету – жұмсақтап айтқанның өзінде дұрыс емес. Біздің міндет – оларға қолда бар бос жұмыс орындарын ұсыну», - деді вице-премьер.

 БАҚ өкілдері мұнайшылардың талабы тендерден ұтылған жұмыс беруші компанияның лоббиі болуы мүмкін бе деген сауал қойды.

«Бұл лобби ме, ол жағын ашып айта алмаймын. Бәрін заң аясында қарау керек. Уәкілетті органдар келіссөз қорытындысы бойынша ақпарат береді.  Мұның бәрін әсірелей беруге болмайды. Факті бойынша қарайық. Адамдардың талаптарын мемлекеттік органдар естіп отыр. Өздерінде бар өкілет аясында ұсыныстарын айтып жатыр», - деді Алтай Көлгінов.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те жұмысшылардың наразылығына қатысты пікір білдірді.

“Бұл – ұйымдасқан пикет. Адамдар көрпе-төсегі мен палаткасын алып келген. Олардың негізгі мақсаты – өзіне назар аударту. Бұл – олардың қалауы. Талаптары коммуналдық төлем сияқты нақты мәселе төңірегінде болса, ескерер едік. Менің түсінуімше, акция назар аудартып, ажиотаж жасауға көбірек ұқсайды. Қызметкерлердің жұмысқа кіріп-шығуы қиындады. Сондықтан мемлекеттік орган қызметіне жасалған кедергі болуы да мүмкін. Жергілікті әкімдік пен “Өзенмұнайгаз” компаниясы не істегенін білмейсіздер ғой. Оларға балама жұмыс ұсынған. Біз өз мүддесі үшін осы азаматтарды пайдаланып, тендер конкурсының заңды нәтижесіне қарсы шыққан жеке компания басшылары емес, қарапайым адамдар туралы айтып отырмыз. Ал қарапайым азаматтар мүддесін біз мейлінше қорғадық. (Наразыларға) алдыңғысынан кем түспейтін ұсыныс айтылды. Бірақ көбі одан бас тартты. Ақыры энергетика министрлігі алдына пикетке шығу туралы келісімге келген. Келіссөз болады”, – деп мәлімдеді министр.

Сондай-ақ журналистер министрдің наразылардың алдына кеше неліктен шықпағанын сұрады.

“Далада түнеу адамдардың қалауы ғой. Кеше бұл адамдар “Өзенмұнайгаз” компаниясына жұмысқа орналастыруды талап еткен. Бүгін “конкурстан бас тартыңдар” дейді. Ертең не айтады? Күтейік. Сіз олардың алдына барғаным мәселені шешеді деп ойлағаныңызбен, (наразылар) олай ойламауы мүмкін. Керісінше ушығып кететін шығар?! Менің ойымша, бұл мәселеде ақпарат бұрмаланып жатыр. Сіздерден бейтарап ақпарат таратуыңызды сұраймын”, – деп жауап берді Сәтқалиев.

Еске салсақ, кеше Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған жүзден астам жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдында наразылық білдірді