Келіссөздер әлі де жалғасады
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы байланыс тобының мамандары Жаңаөзеннен Астанаға келген жұмысшылармен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Qaz365.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚазМұнайГаз» мамандарымен бірге келіссөзге «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС және «Ai-Bis» ЖШС (тендерде жеңіске жеткен компания) басшылығы да қатысты. Жұмысшыларға жалақыларын сақтай отырып, «Ai-Bis» ЖШС және «Кезби» ЖШС (мұнай сервис қызметтерін көрсетеді) компанияларына жұмысқа орналасу ұсынылды.
«Жұмысшылар басқа компанияға ауысқан кезде олардың бұрынғы еңбек жағдайы, соның ішінде жалақы мөлшері мен әлеуметтік пакеті сақталуы керек. Тендер қортындысы бойынша «ӨзенМұнайГаз» АҚ мердігері атанған компанияға осындай міндет қойып отырмыз. Алайда, құқықтық рәсімдерге сай әрекет ету керек, жұмысшылар мұны түсінуі қажет», - деп атап өтті «ҚМГ» аппаратының басшысы Ерхан Омаров келіссөз барысында.
«БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері «ӨзенМұнайГазға» жұмысқа тұрғызуды талап етіп, ұсынылған жұмыс орындарынан бас тартты.
Оларға қабылданған құқықтық рәсімдерді айналып өтіп, «ӨзенМұнайГаз» АҚ штатына жұмысқа орналасу жөніндегі талап заңсыз екені түсіндірілді. Бұл Жаңаөзендегі жұмыссыздарды кезек бойынша аталған мекемеге жұмысқа орналастыру тәртібіне қайшы келеді. Аталған ереже моноқала тұрғындарының талабына сай, жұмыс орындарын әділ бөлу үшін қабылданған болатын.
Келіссөздер әлі де жалғасады.
Еске сала кетейік, 100-ден аса жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер Астанаға келіп, Энергетика министрлігі алдында ереуілдеткен болатын. Сондай-ақ олар Үкіметке талабын жолдаған. Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жаңаөзендік мұнайшылардың талабын орындау мүмкін емес екенін айтқан еді.