Астанада ереуілге шыққан мұнайшыларды полиция ұстап әкетті

Qaz365.kz редакциясы

Полиция энергетика министрлігі ғимаратының маңында наразылық білдірушілерді қоршап, СОБР топтастырылған

Астанада ереуілге шыққан мұнайшыларды ұстау басталды, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі.

"Энергетика министрлігінің алдында наразылық білдірген жұмысшыларды ұстап, арнайы көліктерге салып жатыр", - делінген ақпаратта.

Полиция энергетика министрлігі ғимаратының маңында наразылық білдірушілерді қоршап, СОБР топтастырылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін жаңаөзендік мұнайшылар сәуірдің 11-іне қараған түні "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" АҚ (ҚМГ) орталық кеңсесінде болған еді. "КезБи" мен "Берәлі Маңғыстау" компаниясының бұрынғы жұмысшылары Астанада жұмыспен қамту мәселесі толығымен шешілгенше ереуілге шығуға уәде берген.

Сәуірдің 11-і күні түстен кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жаңаөзендік мұнайшылардың Астанада дүрбелең туғызу үшін ереуілге шыққанын хабарлады. 

Жерлестерін қолдау үшін Жаңаөзен тұрғындары жергілікті әкімдік алдына жиналды. 

Жергілікті әкімдіктің алдына жиналған Жаңаөзен тұрғындары Астанада ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етуде. Олардың арасында ерлер ғана емес, әйелдер, қарттар мен балалар да бар.

Билікке қарата үн қатқан кейуана Астанаға әділдік іздеп барып, құқық қорғаушылардың қолына түскен жұмысшыларды босатуды сұрады. Оның айтуынша, жаңаөзендік тұрғындар өз жерлестерін қаматып қоя алмайды.
Сондай-ақ, бірнеше мұнай компанияларының жұмысшылары да ұсталғандарға бостандық беруді талап ету үшін наразылық білдірсе, "БЖБ" мұнай сервистік кәсіпорны жерлестерін қолдау мақсатында жұмысты толығымен тоқтатты.

Сонымен қатар жаңаөзендік талап-тілектерін Президентке жолдады.