Мәсімовтің Қаңтар оқиғасында жағдай ушығар болса, елден қашып кету жоспары болған - Ерлан Саиров

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, Мәсімов “Қаңтар” оқиғасына 1-2 жыл дайындалған

Коллаж: Qaz365.kz

Мәсімовтің Қаңтар оқиғасында жағдай ушығар болса, елден қашып кету жоспары болған. Мәжіліс отырысынан соң журналистерге жауап берген депутат Ерлан Саиров осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оның айтуынша, Мәсімов “Қаңтар” оқиғасына 1-2 жыл дайындалған.

“Кәдімгі жаттығулар болған. Егер жағдай ушығып кететін болса, Кәрім Мәсімов шетелге қалай ұшақпен шығып кететінін жоспарлаған. Оған 1-2 жыл дайындалған. Қазақстандағы әскердің бас қолбасшысы – президент. Президент елдегі барлық әскери бөлімдер жөнінде нақты ақпарат алуы керек. Ал ҰҚК ішінде президентке беймәлім қарулы топтар болған. Әрине, заңға ғана емес, мемлекетке қарсы астыртын сөз байласу болғанын көрсетеді. Оның сотталуы мемлекеттік қызметшілерге, лауазымды тұлғаларға сабақ болуы керек”, – деді депутат.

Сондай-ақ ол Мәсімовке шыққан үкімді жеңіл жаза деп санамайды.

“Қандай да бір қосымша фактілер болса, оның бәрі зерттелуі керек. 18 жыл – адамның саналы өмірі. Менің ойымша, бұл жеңіл жаза емес. Осындай ауыр жазаға үкім шыққан азаматтар өзінің жазасын толық өтеуі керек. Ешқандай жеңілдік, амнистия болмауы керек”, – деді Саиров.