Екі ел арасындағы азаматтық және қылмыстық iстер жөніндегі өзара құқықтық көмек келісімшарты 1996 жылы рәсімделген
Соңғы он жылдың ішінде Қырғызстан өз жерінде жасырынып жүрген 134 қылмыскерді ұстап, Қазақстанға тапсырды. Бұл туралы бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы азаматтық және қылмыстық iстер жөніндегі өзара құқықтық көмек келісімшарты 1996 жылы рәсімделген.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, содан бері ешқандай проблема болмаған. Көрші елдің мамандары барлық тергеу тапсырмасын орындап, құқықтық көмек көрсетті. Қазақстан да өз міндетін бұлжытпай орындап келеді.
"Біз бір-бірімізге кедергі жасаған емеспіз. Мәселен, соңғы он жылдың ішінде қырғыз тарапы өз жерінде іздеу шараларын жүргізіп, 134 қылмыскерді ұстап берді. Барлығын Қазақстанға тапсырды. Олар көрші елде жасырынып жүрген", - деді Шындалиев сенаттың бүгінгі отырысында.
Екі жақты келісімшартта материалдық құндылықтар мен ақшаны қайтару шаралары да қарастырылған. Бірақ осы уақытқа дейін Қазақстан да, Қырғызстан да ондай сұрау салмады.