Моңғолиядан келген қандастарды балағаттаған павлодарлық әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Qaz365.kz редакциясы

Бұған қоса, ол Павлодардың атын өзгертуге қарсы пікір айтқан

instagram.com/@nastya_brovkapvl

Қандастарды балағаттаған павлодарлық әйелдің үстінен ұлтаралық араздық тудырғаны үшін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.

1 мамырда әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Instagram желісіндегі @nastya_brovkapvl парақшасында бойжеткен балағат сөздер айтып, Моңғол Халық Республикасынан келген қандастар туралы теріс пікір білдірген видео жариялаған. Бұл дерек Павлодар қаласы ПД Солтүстік полиция бөлімінде тіркелді.

“Құқықбұзушы анықталды. Ол 27 жастағы павлодарлық әйел болып шықты. Оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптама тағайындалды”, – деп мәлімдеді Павлодар облысының ПД бастығы Василий Скляр.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде әдепсіз сөздер айтқаны үшін оған ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша 20 АЕК (69 мың теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Айта кетсек, Настя Бровка атты әйел қандастарға ғана емес, басқа да «жаңадан келгендерге» тіл тигізген. Бұған қоса, ол Павлодардың атын өзгертуге қарсы пікір айтқан. Ол әр сөзінде балағат сөздерді көп қолданған.