Жергілікті тұрғындар резервуарларда жарықтар барын ескерткен
Алматыдағы “Думан” шағынауданында 3 мамырда тауда орналасқан ескі резервуардан су ағып, үйлерді су басты. Бұл туралы төтенше жағдайдың салдарын видеоға түсірген куәгерлер хабарлады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар резервуарларда жарықтар барын ескерткен. Бірақ оларды ешкім тыңдамаған. Енді сол жарықтардан су ағып жатыр.
Видео авторларының айтуынша, әкімдік олардан үйлерін тастап, 9-10 күнге басқа жаққа көшуді сұраған.
"Ешкім үйінен кеткісі келмейді, өйткені кейін қайтатын жер болатынына кепілдік жоқ", - дейді тұрғындар.
"Думан шағынауданы, Ақ Жайық көшесі. Мұнда таулы аймақ, шоқы бар. Ұзындығы 100 метр, тереңдігі 30 метр болатын сумен жабдықтау резервуары. Екі резервуар бар. Не құбыр тесілген, не суды жабатын шүмек сынып қалған. Көше бойымен су ағып жатыр. Қазірдің өзінде екі үйді су басқан. Су тоқтамаса, мына шоқы сырғып түседі", - дейді видеодағы куәгерлердің бірі.