Жанарбек Әшімжан көшеден ұстап әкететін журналистерге араша түсті

Qaz365.kz редакциясы

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан журналистерге қатысты қысым көбейгенін айтты

inbusiness.kz

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжан журналистерге қатысты қысым көбейгенін айтып, Ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа сұрақ қойды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

1 мамырда  журналист Еренғайып Қуатаевты Алматыдан Астанаға ұшып келіп, Қарағандыға бара жатқан жерінен 4,5 сағат ұстап, қолынан із алып тергеп-тексерген болатын. Бұл туралы біз жаған едік. Журналист Қарағандыға марафонға қатысу үшін бара жатқан. Ол соңғы кездері бірнеше марафондарға қатысқан. Атап айтқанда, әлем әйгілі Бостон, Лондон, Токио марафонында жүгірген.

«Қарағандыға бара жатқан жерінен ұстап, 4,5 сағат қамауда отырғызып, қолынан із алған. Ол саясатқа қатысы жоқ азамат. Бұл - жекелеген бір ғана мысал. Әртүрлі мысалдар бар. Мемлекет басшысының жүргізіп жатқан үлкен реформалары бар. Осының барлығын жуып-шайып, түрлі қоғамдық пікірлер тудырып, кейде Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің «шаш ал десе, бас алып» кететін артық қадам жасайтын жағдайлар бар»,- деді Жанарбек Әшімжан.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов заң бұзғандар тиісті жазасын алатынын айтты.

«Әр деректі жеке қарау керек, егер де сол жерде тиісті заң бұзу болса, ол тиісті жауапкершілігін алуы керек. Бір-бірімізге пәле жаппай, егер ол кінәлі болса, жазасын алады. Біз құқықтық мемлекет болғандықтан заң аясында жұмыс істеуіміз керек», - деді Ахметжанов.