Сапарды саясиландырудың қажеті жоқ: Ерлан Қошанов Президенттің Ресейге сапарына қатысты пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы

Оның айтуынша, бұл - соғыста шейіт болған ата-бабаларымызға арналған құрмет

zakon.kz

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Президенттің 9 мамырда өткен Ресейдегі шеруге қатысуы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz

Оның айтуынша, бұл сапарды саясаттандырудың қажеті жоқ.

“Бұл сапарды өте дұрыс сапар деп есептеймін. Себебі, Ұлы Отан соғысы – біздің ортақ қайғымыз. Ұлы жеңіс – ортақ тарихымыз. Сондықтан бауырлас мемлекtттердің басшылары шеруде болды. Бұл біздің соғыста шейіт болған ата-бабаларымызға арналған құрмет деп ойлаймын. Бұл мәселені саясаттандырудың қажеті жоқ деп есептеймін. Қазақстанның өзінен миллион екі жүз мың адам соғысқа кетті. Жартысы соғыстан оралмады. Енді олардың көбі Ресей жерінде жатыр. Олардың іздеушісі, жоқтаушысы болу керек пе, болмау керек пе? Іздеушісі, жоқтаушысы президент болуы керек деп ойлаймын” – деді Қошанов.

Қошанов Президент өзінің азаматтық борышын орындады деп есептейді.

“Президент бірінші кезекте Астанадағы “Отан қорғаушылар” мемориалына барып, гүл шоғын қойып, қайтыс болған отан қорғаушыларға тағзым етті. Ардагерлерге “Халық қаһарманы” атағын бергізді. Содан кейін Ржев қаласына барды. 22 мың қазақстандық сол жерде қаза болған. Президенттің ағасы да сол жерде қаза тапқан. Оларға зиярат жасау үшін, Президент сол жерге барды. Мен бұл сапарда президент өзінің азаматтық борышы, перзенттік борышын атқарып келді деп есептеймін”, – деді Мәжіліс төрағасы.