ШҚО әкімінің аппараты тікұшақпен кестесіз ұшу үшін бюджеттен 162 миллион теңге бөлген

Qaz365.kz редакциясы

Даниал Ахметовтің аппараты екі лот жариялаған. Бірінің құны 160,2 миллион теңге, екіншісінің құны 2 миллион теңге екен

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мемелкеттік сатып алулар сайтында кестесіз жолаушы тасымалдау бойынша әуе қызметін алу үшін хабарландыру жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі  Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Даниал Ахметовтің аппараты екі лот жариялаған. Бірінің құны 160,2 миллион теңге, екіншісінің құны 2 миллион теңге екен. 

Лоттың сипаттамасында тапсырыс берушінің "Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі екенін көруге болады. 160,2 миллион теңгелік лоттың қосымша сипаттамасында 1 кластағы тікұшақ қызметі қажет екені көрсетілген. 

Ал 2 миллион теңгелік лотта 2 кластағы тікұшақ қызметі көрсетіліпті. Сондай-ақ қажет жағдайда ішкі және халықаралық рейсті жүзеге асыруға міндетті. 

Қос лот 3 мамырда жарияланған. Өтініштер 22 мамырға дейін қабылданады. Лоттарда белгіленген 162,2 миллион теңге 1 жылға арналған. Демек 2023 жылдың соңына дейін тікұшақпен кестесіз жолаушы тасымалдау қажет.

Лотта көрсетілген 1 және 2 кластағы тікұшақтардың да айырмашылығы бар. Егер 1 кластағы әуе көлігімен кем дегенде 22 жолаушы ұшса, 2 кластағы тікұшақпен кем дегенде 6 адам ұша алады.