"КСРО-ны аңсаса, Путинге барсын": Әкімге ұсыныс жасаған ақсақал желіде сынға қалды

Qaz365.kz редакциясы

Ол шағын ауданның бұрынғы атауын қайтаруды сұраған

Коллаж: Qaz365.kz

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың халықпен кездесуінде бір ақсақал «Көкмайса» шағын ауданының бұрынғы атауы «Дорожникті» қайтаруды сұраған болатын. Желі қолданушыларына ақсақалдың бұл әрекеті ұнаған жоқ, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Qaz365.kz порталының Instagram парақшасында пікірлерден осыны аңғаруға болады.

«Кімде-кім КСРО-ны аңсаса, Путинге барсын», «Көкмайса керемет атау», «Бұл жерде әкіммен келісемін. Совет одағында соншалықты қандай жақсылық болған?», «Орысқұл болып кеткен», «Қазақша бола берсін», «Осыны шаруасы бітіп тұрған шовинистерді кім шақырады?», «Ұлттық идеологияның жоқтығы», «Бірінші рет әкімге риза болып тұрмыз», - деген сарындағы пікірлер көп жазылған.

Айта кетейік, Алматы тұрғыны өз сөзінде Кеңес заманында шағын ауданның қандай болғанын еске түсіріп, Гончаров пен Брежневті есіне алған еді. Ал әкім оның ұсынысын қолдаған жоқ. 

«Шапалаққа қарап базбіреулердің Кеңес Одағын қатты аңсайтынын түсіндім, ақсақалдың бұл ұсынысы ұнайтын сияқты ғой. Бірақ мен мұнымен келіспеймін. Жаман ба, жақсы ма, бір-бірімізді құрметтейік. Мен кімнің белсенді түрде қол соққанын көрдім», - деді Досаев.