"Маньяктан інілерімізді құтқарамыз": 10 жыл бойы туған әкесі зорлаған қыздарға қатысты тың ақпарат шықты

Qaz365.kz редакциясы

Қыздардың анасы бар шындықты айтып берді

thepics.top

Алматы облысында туған екі қызын 10 жыл зорлап келген 57 жастағы азаматтың ұсталып, тергеу басталғанын жазған едік. «Еуразия бірінші арнасының» тілшісі қыздардың шешесінен сыр тартып көрді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Кеше ғана бойжеткендердің шешесі ештеңе білмедім деп камерадан тұра қашқан еді. Бүгін бар шындығын жайып салды. Күйеуінің 27 жылдан бергі азғындығына шыдап, бауыр еті балаларын қорғай алмағанына өкініп отыр. Ал бүлдіршіндердің 10 жыл бойы қорлық көргенін былтыр ғана біліпті», - дейді арна тілшісі.

Бұған дейін жазғанымыздай, күдікті әкенің екі әйелі бар. Зорланған екі қыз да бәйбішеден туған. Ол күйеуімен 17 жасында отасқан. Содан бері қорлық көріп келдім дейді. Күйеуі соққыға жығып, әбден өзіңе бағындырып келген. Тіпті, балаларын ұрып-соғып тәрбиелеген. Екі қызына азғындық жасағанын бір жыл бұрын ғана білген. Бірақ ешкімге тіс жармаған. Ұлдарын ойлаған, қыздарының абыройын қорғамақ болыпты.

«Мен оны өлтіргім келді, бірақ балаларымды ойладым. Полицияға арыз жазуға қыздарым рұқсат бермеді. Себебі, дәлелдей алмаймыз деп қорықтық. Қаша алмай қаламыз деп ойлады. Қазір олар маған ашулы. Қорғамайтын дейтін шығар. 10 жыл бойы білмей келдім. Ертерек естігенде бір әрекет етер едім», - дейді қыздардың шешесі.

Тоқалы қыздар зорланғанын айтқанда полицияға жүгінуге оқталыпты. Бірақ адуынды күйеуіне қарсы нақты дәлел болмаған соң, тоқтаған. Дегенмен, қыздардың қашуына көмектескен. 

«Екі қыз бұл жерден кеткен соң, біз сіздерді қалдырмаймыз, алып кетеміз деп айтты. Маньяктан інілерімізді құтқарамыз деген болатын», - дейді тоқалы.

Зорланған екі қыз қазір мемлекет қамқорлығында. 24 сағатта күзетте екен. 

Айта кетейік, зорланған екі қыздың біреуі 23, екіншісі 21 жаста. Үлкенін алғаш 13, кішісін 11 жаста қорлаған.  57 жастағы азаматтың бірінші әйелінен 4, тоқалынан 2 баласы бар.

Еңбекшіқазақ ауданы полициясында ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі (сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша екі қылмыстық іс тіркелген.

Күдікті ҚР ҚІЖК 128-бабы тәртібімен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.