Студент қызды соққыға жыққан бойжеткендерге қатысты алғашқы сот отырысы өтті
Шығыс Қазақстан облысында әжетханада студент қызды соққыға жыққан бойжеткендерге қатысты алғашқы сот отырысы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сәуір айының басында Өскеменде сауда орталықтарының бірінде жасөспірім қыздардың өз қатарластарын ұрып-соққан, тізерлеп отырғызып, шешіндірген видеосы тараған болатын.
Бүгін аталған іске қатысты бірінші сот отырысы өтті. Бірақ, судья айыпталушы тараптың және прокурордың ұсынысымен сот жабық түрде өтеді деген шешімге келді.
Жәбірленуші қыздың анасы мен туған-туыстары ғана соттың ашық өтуін сұрады.
«Әрине, қыздардың жас екенін түсінеміз. 16 жастағы кәмілеттік жасқа толмағандар. Бірақ соншалықты қорлап, өлтіре ұрғандары енді сұмдық жағдай. Бүкіл елге қызымды мазақ етіп, видеоға неге түсіреді? Аяулымның ата-анасынан басқа ешкім кешірім сұрап келмеді. Күдіктілер жазаның ең қатаң түрін алсын. Қызымның әлі күнге басы ауырады. Колледжге барғысы келмейді. Сабақ оқуға құлқы жоқ. Мен оған не істей аламын?» – деді жәбірленушінің анасы Альмира Досымова.
Айта кетері, ұрып-соққан оқушының бірінің анасы Өскемен қалалық білім бөлімінде кадр бөлімінің басшысы болып қызмет еткен. Өскемен қалалық білім бөлімі басшысы Сәуле Алагөзова жақында оның қызмет кеткенін мәлім етті. Әкесі Антикорда істейді деген ақпарат та тараған. Бірақ ол жағы расталмады. Кейіннен мәлім болғандай, қыздың әкесі мектептердің бірінде күзетші болып істейді.