Абай облысындағы өрт: 14 маманмен байланыс үзіліп қалды

Qaz365.kz редакциясы

Оларды іздестіріп жатыр

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Абай облысындағы орман өртін сөндірумен айналысып жатқан 14 маманмен байланыс үзіліп, оларды іздеу шаралары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы табиғи өртті сөндіру жөніндегі Төтенше жағдайлар министрлігінің Ахуалдық орталығының базасында Жедел республикалық штаб отырысын өткізді. Отырыс барысында оқиға орнынан облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Марат Күлдіков баяндама жасады.

«9 маусым күні сағат 16.00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамнан 662 адам және 177 техника, 6 тікұшақ жұмылдырылған. Авиациялық техникамен өртті сөндіру үшін 80 рет жалпы көлемі 192 тонна су төгілді. Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының 14 қызметкерімен байланыс үзілген. Оларды іздеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Астана қаласы және Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменттерінен 133 адам және 48 техника, сондай-ақ қосымша 4 тікұшақ жіберу туралы шешім қабылданды», - делінген хабарламада.