Қорғаныс министрлігі Дәулет Тұрлыхановтың ұлы қалай қашып кеткенін айтып берді

Qaz365.kz редакциясы

Бұған дейін заңгер Анна Чернова Нұрасыл Болаттың әскери бөлімнен қашып кеткенін жазған

видеодан кадр

Қорғаныс министрлігі Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханоытың ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен қашып кеткенін растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«2 шілдеде Қонаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде мерзімді қызметін өткеріп жатқан қатардағы жауынгер Нұрасыл Болат қамауға алу мерзімі аяқталғаннан кейін әскери қызметшінің сүйемелдеуімен әскери бөлімнің орналасқан жеріне қайтып бара жатқан кезінде белгісіз бағытқа қашып кеткен. Әскери қызметшінің орналасқан жерін анықтау бойынша іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды. Аталмыш факті бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында. 

Бұған дейін заңгер Анна Чернова Нұрасыл Болаттың әскери бөлімнен қашып кеткенін жазған.

Айта кетейік, бұған дейін ерлі-зайыпты заңгерлер Олег Чернов пен Анна Димитриевичті ұрып-соғу бойынша қозғалған қылмыстық іс халық назарын аударған еді. Оқиға 2023 жылғы 10-11 ақпанға қараған түні Алматыда болған. Заңгерлерді шабуыл жасаған Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы, қатардағы жауынгер, 20 жастағы Нұрасыл Болат екені анықталған болатын.

Әскери-тергеу басқармасының мәліметінше, қатардағы жауынгер Нұрасыл Болат жанжал болған күні әскери жарғыны бұзып, қалаға қашып кеткен.