Ол әскери бөлімнен қашып кеткен еді
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың әскердегі ұлы әскери бөлім бастығының бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әскери бөлім бастығының белгіленген тәртіппен берілген бұйрығын орындаудан ашық бас тарту – әкімшілік құқық бұзушылық жасаған қатардағы жауынгер Нұрасыл Болатқа қатысты әкімшілік іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2 шілдеде әскери бөлімнің қатардағы жауынгері Н.Болат Алматы гарнизоны гауптвахтасынан шыққаннан кейін командирдің бұйрығына сәйкес өзінің әскери бөліміне баруға міндетті болған. Алайда ол оған бөлімше командирінің лейтенант А. берген бұйрығын орындаудан ашық түрде бас тартып, Әскери полиция басқармасының ғимаратына келген автокөлікпен белгісіз бағытта кетіп қалған.
«Сот Б.-ны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 652-бабы 6-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Ол 15 тәулікке қамауға алынды», – деп хабарлады соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Нұрасыл Болаттың қашып кеткені туралы осыған дейін адвокат Анна Чернова айтқан болатын. ҚР Қорғаныс министрлігі Дәулет Тұрлыхановтың ұлының қашып кеткені туралы ақпаратты растады. Кейін ол табылып, қызмет атқаратын орнына жеткізілді.
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскери бөлімнен қашып кеткен Дәулет Тұрлыхановтың ұлы қалай жазаланатынын айтқан болатын. Кейін спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты пікір білдірді.