Үкімет өртке қарсы киім сатып алуға 918 млн теңге бөлмек

Qaz365.kz редакциясы

Тиісті қаулыға ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов қол қойды

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Орман өрт сөндіру стансаларының қызметкерлерін өртке қарсы киіммен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 918 миллион теңге бөлінеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тиісті қаулыға премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.

«Бұл 30 табиғатты қорғау және 16 орман мекемесінің қызметкерлерін механикалық жарақаттанудан, гипотермияның, агрессивті сұйық құрамдардың, жоғары температураның әсерінен қорғауға, жұмысшылардың бастарын соққыдан сақтауға, сондай-ақ басқа механикалық әсерлерден қосымша қорғау үшін өртке қарсы киіммен жабдықтауға мүмкіндік береді деп көзделуде», - делінген қаулының мәтінінде.

Құжатқа сәйкес, Үкімет резервінен табиғатты қорғау және орман мекемелерінің орман өрт сөндіру стансаларының қызметкерлеріне өртке қарсы киім сатып алуға 918 млн теңге қаражат бөлінеді.