Ақкенттегі өрттен жүкті әйелді құтқарып жатқан видео тарады

Qaz365.kz редакциясы

Зардап шеккендердің ішінде 26 бала, 2 жүкті әйел бар

видеодан кадр

Әлеуметітк желіде Алматыдағы “Ақкент” шағынауданындағы көпқабатты үйден шыққан өрттен жүкті әйелді құтқарып жатқан видео пайда болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Видеодан адамдардың кранмен көтеріліп, жүкті әйелді түсіріп алғандарын көруге болады. 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы көпқабатты үйдегі өрттен зардап шеккендерге көрсетілген көмек туралы есеп берді.

“Алматыдағы 16 қабатты тұрғын үйдегі ірі өрттің салдарынан 37 адам қаланың көпбейінді стационарларына жеткізілді, онда оларға қажетті медициналық көмектің толық көлемі көрсетілуде.

Зардап шеккендердің ішінде - 26 бала, 2 жүкті әйел, 6 адам жергілікті жерде медициналық көмек алды, төртеуі емдеуге жатқызудан бас тартты”, – делінген хабарламада.

Өрт орнына жедел медициналық жәрдем қызметінің 23 бригадасы, оның ішінде 5 мамандандырылған (дәрігерлік бригада), 18 фельдшерлік бригада жіберілді.

Өрттен зардап шеккен адамдар келесі стационарларға жеткізілді: шұғыл пациенттерді қабылдауға дайындалған № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы (№2 БҚКА), Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы (БШМКО), № 7 Қалалық клиникалық аурухана (№7 ҚКА), Жедел медициналық көмек ауруханасы (ЖМКА), Орталық қалалық клиникалық аурухана (ОҚКА), №4 қалалық клиникалық аурухана (№4 ҚКА).

Қазіргі уақытта балалар ауруханасының реанимациясында 4 пациент бар.

Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді. Оқиға орнында бір жедел медициналық жәрдем бригадасы кезекшілік етуде”, – делінген ақпаратта.

Еске сала кетейік, “Ақкент” шағынауданындағы 16 қабатты үйде өрт тұтанған.

Қызыл жалын сағат 18:46 кезінде оқшауланып, сөндірілді.

31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілген болатын.

Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырды.

Зардап шеккендердің ішінде 2 жүкті әйел бар.

Кейін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бір адамның қаза тапқанын хабарлады.

Қала әкімі Ерболат Досаев өрт кезінде қаза болған әйелдің отбасына көңіл айтты.